• 19 апреля, 2024

Мерейіміз үстем

Апр 24, 2019

20 – 21 сәуір күндері Алматы қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының құрметті президенті Бекет Сапабекұлы Махмұтовтың құрметіне дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған додаға елімізден бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Ресейден келген татами шеберлері қатысты.

Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының ресми мәліметі бойынша, жарыстың бірінші күнінде 6 елден 224 жасөспірім дзюдошы белдессе, екінші күні 7 елден 186 жас спортшы өзара мықтыны анықтады. Айта кетсек, бұған дейін, яғни 2017, 2018 жылдары жастар арасында өткізілген жарыстың биыл ауқымы кеңейіп, жасөспірімдердің де бағын сынауға мүмкіндік берілді.

Азия кубогы қазақстандық жас татами шеберлері үшін Әлем чемпионаты алдындағы дайындық деуге болады. Нақтырақ айтсақ, 25 – 29 қыркүйек күндері Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтеді деп жоспарлануда.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өткізіліп отырған Азия кубогы тәжірибе алмасып, жас спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге халықараралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес әлемдік рейтингте ұпайлар беріледі. Жарыс жеңімпаздарына 100 ұпайдан берілсе, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерге 40 ұпайдан қосылады. Жасөспірімдер арасында өткен жарыста Қазақстан құрамасы 11 алтын, 10 күміс және 20 қола жүлдемен медаль кестесінде көш бастады.

Жарыстың екінші күнінде татамиге жастар шығып, 14 салмақ дәрежесінде жүлдені сарапқа салды. 8 алтын, 8 күміс, 16 қола жүлдемен Қазақстан бірінші орынға шықты. Аталған додада Семей спорт академиясының шәкірттері де бақ сынаған болатын.

Жастар арасында 66 келіде Дастан Шаяхметов қарсылас шақ келтірмей алтыннан медаль тақты. Ал қыздар арасында 63 келіде Зарина Сарипова бірінші орын алса, осы салмақта Кристина Сотникова үшінші орыннан көрінді. Жасөспірімдер арасында 73 келіде Серікбол Естай топ жарса, қыздардан 57 келіде татамиге шыққан Мөлдір Бейсенова үшінші орын алды.

Семей спорт академиясының баспасөз қызметі