• 18 апреля, 2024

ІІ қалалық GIN конференциясы өтті

Апр 15, 2019

GIN – жаһандық мәселелер желісі ғана емес, оны шешудің жолдарын қарастыратын серпінді жобалар мен еркін пікір алаңы. ХХІ ғасырдың нағыз көшбасшысы бойынан табылуы тиіс жаһандық азаматтық та осы GIN мақсаттарымен үндес. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде осымен 2 -ші мәрте қалалық конференция ұйымдастырылып, қоғамдағы күрделі мәселелерге бей-жай қарамайтын оқушылар жобаларының басын біріктірген қорытынды жиын өтті.

— Бүгінгі конференцияға 100 –ден аса оқушы қатысуда. Олар өздерінің жыл бойы жұмыс жасаған жобалары бойынша есеп беріп, бүгінгі жиында қорытындылайды. Оқушылар белсене атсалысқан бұл жобалардың қай-қайсын алып қарасаңызда маңызы жағынан үлкен мәнге ие. Шәкірттеріміздің бұл еңбектері «Қоғамға қызмет ету» атты үлкен тәрбиелік әлеуметтік жобаның аясында жұмыс жасады. Қоғамда мектеп жасындағы баланың қолынан келетін қайырымды істер болады. Тек соны дұрыс бағыттай білу керек. Ал, жобалар жүзеге асыру бағытында әр оқушы бауырмалдық, қайырымдылық, мейірімділік сынды көптеген адами қасиеттерді бойына сіңіреді, -дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Конференцияға қаламыздағы орта білім беру мекемелерінен өзге Зияткерлік мектеппен серіктес «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп — интернаты», «Ана үйі», «Қарттар үйі», «Жарқын болашақ» түзету қызметтері орталығы, «Лингватаун» тіл мектебі сынды орталықтардан өкілдер келіп қатысты.

— Біз Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесе жұмыс жасап келеміз. Осының арқасында біздегі 30 –ға жуық әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары ағылшын тілінде сөздік қорларын байытудан бөлек, жеке дамуына қатысты да көптеген көмектер алады. Біз Зияткерлік мектеп еріктілерінің көмегінің арқасында ағылшын тілін меңгеруде оң нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Сол үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді «Лингва таун» мектебінің директоры Елена Михеева.

Конференцияда оқушылар қолымен жүзеге асып жатқан түрлі жобалар ортаға салынып, балалар бір-бірлерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді. Әр жоба өзінің алға қойған мақсатымен құнды. Мәселен, «Тарбағатай» шаңырағы мүшелерінің «Аялы алақан» жобасы «Даун синдромына» шалдыққан балаларға көмек беруге бағытталған. Шаңырақ мүшелері қаламыздағы осы дертке душар болған болған балаларға психологиялық-моральдық көмек берумен қатар, олардың осы қоғамның бір мүшесі екенін түсіне білуге үйретеді. Осының өзі кез-келген өскелең ұрпақ үшін тәрбие құралы болып табылады.

Конференция жұмысы жиналғандар көңілінен шығып, қатысушылар арнайы сертификаттармен сыйлықтарға ие болды. Алдағы уақытта бұндай шаралар жалғасын таба бермек.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.