• 20 апреля, 2024

Абайдың латын графикасындағы кітаптары көрмеге қойылды

Фев 13, 2019

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы латын қарпіне көшу туралы тапсырмасына байланысты «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру негізі» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

— Абайдың 95 жылдығын атап өтуге байланысты жарлық ең алғаш латын гарфикасында шыққан екен, осыны көрмеге қойып отырмыз. Сондай-ақ, Абайдың 95 жылдығын атап өтуге байланысты арнайы мерейтойлық комитеттің мөрі, Шәкәрімнің латын қарпіндегі «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы да осы көрмемізден орын алып отыр, — деді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Абламбаева, — 1929-40 жылдар аралығында Қазақстанда латын әліпбиі болған. Түрлі газеттер мен журнал басылымдары осы әліпбиде шыққан. 1936 жылғы Бейімбет Майлиннің латын әліпбиіндегі толық жинағын да осы көрмеге қойдық.

Көрменің мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен латын қарпіне көшу міндеттемесін мойнына ала отырып, кемеңгерліктің кілтімен даналықтың есігін ашқан Абай бастаған ұлы тұлғалардың мол мұрасын халыққа жеткізу болып табылды. Көрме сөрелерінен музей қорындағы латын графикасындағы сирек басылымдар мен қолжазбалар орын алыпты.

Музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Абламбаеваның айтуынша, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру мәселесін 1924-29 жылдары алашордашылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері көтеріп, өзара талқыға салған екен.

Айта кету керек, Абай музейінде көптеген құнды жәдігерлер бар. Солардың қатарындағы Ұлы Абайдың латын тілінде 1933 жылғы, 1934 жылғы, 1936 жылғы, 1939 жылғы жинақ кітаптары көрермендердің қызығушылығын тудырды.

Көрменің ашылу барысында қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар латын графикасына көшудің маңызы туралы сөз қозғап, ой бөлісті.

«Абай» өнер мектебінің шәкірттері Хәкім Абайдың өлеңдерін оқып, оны тақтаға латын әріптерімен жазып көрсетті. Отанды сүюге арналған патриоттық әндер легі орындалды. Келушілер көрме жәдігерлерімен танысты.

Марат Айболов