• 19 апреля, 2024

Тегін көмір

Фев 1, 2019

«Zhas project» жобасының жастары 20 тонна көмір тегін таратты.

Семейде миллионер жастарды оқытатын «Zhas Project»  тренингі өтті. Осыдан сәл ғана бұрын қаламызда бастау алған «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы қорытынды форумымен түйінделcе де, олар атқарып жатқан шаруалар әлі де жалғасып жатыр.

Ал қаңтардың 30-ы күні «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында құрылған «Лига Добра» еріктілер орталығының «Жылулық сыйла» науқаны аясында әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға 20 тоннадан астам тегін көмір таратты. Орталық жетекшісі Е. Мақсұтовтың айтуы бойынша, бұл науқан аясында өзге де шаралар қолға алынып, жыл соңына дейін жалғаса бермек.

— Елбасы өзінің Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы айтқанда күле қарап, күмәнданған жандар жарлыққа қол қойылған күні мүлтіктсіз сенгендері анық,-деді Семейдегі Жастар ресурстық Орталығының директоры Олжас Соғымбай,-ал күні кеше ғана Елбасының қатысуымен «Нұр Әлем» павильонында  өткен «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімі барлық жастардың бойына айрықша жігер-күш пен сенім сыйлағаны ақиқат. Өз басым осы күнге дейін  әр жылдары Қазақстандағы Өзбекстан жылы, Ассамблея жылы жарияланып, елімізде ауқымды шаруалар атқарылғанына куә болып жүрдім. Олай болса осы жолғы «Жастар жылы» жаңа мүмкіндіктер жылы деп, айтуымызға толық негіз бар деп ойлаймын.

Олжас Соғымбайдың пікірінше, «Жастар жылындағы» зор мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әр саладағы үздік жастарымыз тың идеялардан бастау алған жаңа жетістіктерге ұмтылары заңдылық.

— Биылғы жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланғаны шыны керек, жас маман ретінде мені де қуантты. Себебі біздің ресурстық Орталықтың рухты да жалынды жастарына бұл үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, талай жасөспірімдер өздері ұзақ уақыт бойы іске асыра алмай келе жатқан жобаларын жүзеге асырып, толағай жетістіктерге бір қадам жақындайды.Семейдің жалынды жастары қолымыздан келген бар игі жақсылықтарды жасауға тырысамыз, — деді  Семей қалалық Жастар Ресурстық Орталығының маманы Думан Кенжеғазин.

«Zhas project» жобасының қатысушыларын өз кезегінде Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева «Абай әлемі» сериясымен шыққан кітаптармен таныстырды.

Марат Айболов