• 19 апреля, 2024

ІТ технология — уақыт талабы

Янв 26, 2019

Семей қаласына арнайы іс сапармен келген республикалық «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев пен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтер қаладағы ІТ сыныптары бар мектептер мен орталықтарда болды және Д. Қалматаев атындағы медициналық колледждің жатақханасында болды. ІТ технология заман талабы болғандықтан, Семейде бұл саланы өрістетіп дамытушылардың қатарында «Балаларға арналған ІТ-сыныптар» жобасы бойынша №10 жалпы білім беретін мектеп пен «ІТ мамандарды дайындаушы» Электротехникалық колледждің бағы оза шауып тұр.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында әр мектеп бойынша толықтай жабдықталған ІТ сыныптар бар. Олардың деңгейі жоғары және робототехника сыныптарымен бағдарлау сыныптары біріктірілген.

— Әркім өз таңдаған мамандығын меңгеруі тиіс, біз балалардың барлығын ІТ маман ғып шығаруды жолға қойып отырған жоқпыз, — деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, — тек технологияны қосымша меңгерсе деген өтінішіміз бар. Болашақта әр оқушы өз қалауын таңдайды, Әнші, ағаш шебері, журналист болуы мүмкін. Бірақ та, көп дүние осы ІТ-технологиясымен тығыз байланыста болады.

Ал ІТ мамандар дайындауды жолға қойған Семейдегі электротехникалық колледж туралы ауыз толтырып, мақтан етіп айтуға әбден болады. Колледждің директоры Азат Сарпеков күн-түн демей жаңа жобаларды зерттеп, өткеннен қалған маңызды дүниелерді жетілдіре түсумен айналысып келе жатқан талантты басшылардың бірі. Биыл ШҚО мектептерінде IT-технология және робототехника бойынша 277 кабинет ашылды. Бұл еліміз бойынша, ректордтық көрсеткіш.

Ал жаңадан пайдалануға берілген Д. Қалматаев атындағы медициналық колледж жатақханасы осыдан біраз ғана бұрын облыс əкімі Даниал Ахметовтың ұсынысымен ашылған.

— Колледждің басқа жақтан келген студенттері үшін жатақхана ашуы — Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы маңызды қадам, — деді Қаныбек Жұмашев, — Елбасы «Білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкес құру кезінде білім алу мен студенттердің өмір сүру жағдайына назар аудару керек» дей отырып мемлекет жастарға қамқорлық жасау керектігін айтқан.

Марат Айболов