• 29 марта, 2024

Массачусетс студенттері бізге келуге құштар

Янв 25, 2019

Зияткерлік мектептердегі оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуде шетелдік оқытушылар мен мамандардың үлес салмағы аз емес. Жаһандық азаматтықты басты құндылықтарының бірі ретінде қарастыратын білім ошағында әлемнің маңдайалды оқу орындарының білікті ұстаздары мен студенттері жиі келіп, өз білгендерімен бөлісуде.

Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы айында Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне АҚШ –тың ғана емес, әлемдегі ең үздік білім ордасының бірі Массачусетс технология институтының Джим Майли Мари Ю Лианг, Годфри-Игве Стейси Чидера есімді студенттері іс-тәжірибеден өтуге келді. Массачусетс штатындағы Кембридж қаласында орналасқан әлемдік оқу орнының 1 курс студенттері Семейдегі 3 апталық сапарларында 11 сынып оқушыларына химия, физика пәндерінен сабақ береді.

Қос шетелдік студент қаламызға «MISTI Kazakhstan Global Teaching Labs» бағдарламасымен келіп отыр. Бірі — биоинженерия, бірі – көлік құрастыру мамандықтары бойынша білім алып жатқан олар үшін шаһарымыз ғана емес, жалпы Қазақстан бейтаныс жер. Алғашқы сапарларының өзінде ел мен жер тарихынан, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру дағдысы, салт-дәстүрі жайлы ақпараттарға қаныққан олар қаламыздағы облыстық өлкетану мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайларын аралап көрді. Жексенбі күндері қала маңындағы шаңғы базасына барып, алғаш рет шаңғы тебулерінің өзі студенттерге ерекше әсер сыйлады.

Майли мен Стейси бірлесе отырып сабақтан тыс уақытта «Көшбасшылық», «Тайм менеджмент», «Ұсыным хат жазу», «Мотивациялық хат жазу» тақырыптарында семинар кездесулер өткізуде. Бұдан бөлек, мектеп шәкірттерінің тікелей қатысуымен «Eco-column» (Эко-баған), «Генетикалық өңдеудегі қазіргі зерттеулер мен этика» (Current Research and Ethics in Genetic Editing) атты жобаларды жүзеге асыруда. Соның ішінде «Эко-баған» жобасының мақсаты бір бағанда үш экожүйені (жер үсті, шірінді және су) жасау. Сонымен қатар екі ортаны салыстыру үшін бір-бірінің абиотикалық және биотикалық факторлары бақыланады. Ал «Генетикалық өңдеудегі қазіргі зерттеулер мен этика» аталған жоба 2013 жылы жасалынған генетикалық редакциялау құралы, CRISPR-тың ағымдағы зерттеу жұмыстарын көрсетеді.

Қолға алынған жобалардан тыс «Кәсіби бағдар» бойынша жатақхана тәрбиеленушілері мен 10-12 сынып оқушыларымен кездесу өткізген студенттер мамандықты дұрыс таңдау жайында ой бөлісті.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.