• 18 апреля, 2024

Жастарға қамқорлық жасалады

Янв 21, 2019

Жексенбі күн шаһар басшысы Ермак Сәлімов қала жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастар жылында атқарылатын жұмыстар барысы пысықталып, жастардың әлеуметтік мәселелері кеңінен талқыланды.Оның ішінде білім, ғылым, қоғам, мәдениет, спорт, денсаулық, баспана сынды бірқатар салалар қамтылды.

Кездесу соңында қала әкімі Ермак Бидахметұлы жастармен жиі кездесіп тұруға сөз берді. Жастар ресурстық Орталығының директоры Олжас Соғымбай да атқарар мол шаруа алда екенін айтып, «Жастар жылында» ерекше белсене кірісетіндіктерінен хабар берді.

— Әдетте аптаның жұмыс күндері әкімнің кәбинетіне кіріп, шаруаңды шешу былай тұрсын, жоспарлы іс-шараларға шақыру мүмкін болмай жатады, — деді Олжас Соғымбай, — қоғамдық қабылдау күндері бізден де басқа жазылғандар жетіп артылады. Біз бүгін басқа жолын таптық. Демалыс күні жастар болып жиылып, шаһар басшысын шәйға шақырып шүйіркелестік. Бұл бас қосу бұрынғыдан өзгерек десем де болады, әкімдіктегі мәжіліс залы шағын шәйханаға ауысып, биылғы 2019 жастар жылын өткізу бойынша ойларымызды ортаға салдық. Ең бастысы ойлағанымыздай еркіндікті сезіне алдық бәріміз.

Сонымен Олжас Соғымбайдың айтуынша, Жастар жылында Семейде алаулатып-жалаулатқан флэшмобтар мен акцияларды мүмкіндігінше азайтып, жастарға әлеуметтік сала, атап айтқанда мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, қол жетімді баспана бойынша нақты жеңілдіктер қарастырылмақ.

Қала әкімі Ермак Сәлімов жастардың интеллектуалдық қабілетін арттыра отыра рухани құндылыққа тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарын жүргізуге уағдаласты.

Сондай ақ, жастар жылы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және талантты жастарға қала әкімінің оқу гранттары мен арнайы шәкіртақы қарастыру мәселесі көтеріліп, биылғы жылы жастардың игілігіне пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың тізімі жасалды.

— Өз басым студент кезімде өзімді толғандырып жүрген мәселелерді қала басшылығына тікелей жеткізіп, жауап алсам деп армандайтынмын. Бүгінгі жастарға осындай пікір алмасу алаңын ұйымдастыра алғанымызға қуаныштымын, — деді Семей қаласындағы Жастар Ресурстық Орталығынң директоры Олжас Соғымбай, — ендігі кезек өзімізде! Басталған іс-жартылай біткен іс. Ал біткен іске сыншы көп келеді.

Осы орайда бүгінгі айтылған ұсыныс пікірлерді жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын жолдастар, деп жастарға өтінішін де арнады Олжас Соғымбай.

Марат Айболов