• 25 апреля, 2024

Қалалық мәслихат сессиясы: Бюджет ақшасы қалай бөлінді?

Дек 23, 2018

Семей қалалық мәслихатының депутаттары жергілікті бюджетті бекітті. Халық қалаулыларының сараптауынша, 2019 жылы жалпы бюджет 55,9 млрд теңге болмақ.

Бір жақсысы, халықтың сұранысына орай «Затон» ауданындағы су жинақтағышы мен желілеріне 1 млрд теңге бөлінді. Және Тихомировская су ағыны тұсындағы дюкерді жөндеуге бюджеттің біршама қаржысы қарастырылды. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 400 млн теңге, 83 млн теңге жергілікті бюджеттен берілді.

2017 жылдың қараша айында мердігер ұйым мен жобаны жүзеге асыратын кәсіпорын да белгіліенген екен. Мердігер ретінде конкурсты «ПромСтройАвтоматика» ӨК ұтып алып, 1 млрд 89 миллион 460 мың теңгеге келісімшарт жасаған. Ал 2 миллион 200 мың теңге авторлық қадағалауы үшін «СемейПроект» ӨК алады. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын «ИртышСтройПроект» 14 миллион 400 мың теңге берілді. Жалпы сарапшы мамандардың пікірінше, бұл жоба 1,1 млрд теңгені құрамақ.

— Биыл Семей маңындағы шағын аудандардағы инженерлік құрылымдарды жөндеуге қаражат былтырғыдан да көп бөлінді,-деді бюджетті жобалау және экономика бөлімінің жетекшісі Елена Кузнецова, — 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы ағын су құбырларына ерекше назар аударылады, себебі екі есе ақша бөлінді. Ағымдағы жөндеуге 13 көше бойынша 180 миллион теңге, жаңбыр суын тазартушы құдықтарды жөндеуге 28,7 миллион теңге, ал К. Мухамедханов көшесі бойынша ағын су құбырын жөндеуге 2 миллион теңге бөлінді.

Айта кету керек, қала бюджетіне трансферттер мен несиелер легі ағылмақ. Мәселен, республикалық және облыстық бюджеттен 31,4 млрд. теңге болса, субвенция 4,7 млрд, қаланың өзіндік кірісі 19,8 млрд. теңгені құрайды. Сонымен бұл қаражаттың жұмсалу жағын депутаттар былай деп түсіндірді: 1,8 млрд теңге ұстаздар қауымының кәсіби біліктілігін бағалауға, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беруге және тіл дамыту бойынша тәжірибе курстарынан өтуге бөлінеді.

Қарағайлы шағын ауданындағы «Абай-Арена» құрылысына облыстық бюджеттен 18,2 млрд теңге беріледі. Ал, Ақсай мен Комсомол шағын аудандарының су құбырлары мен желілерінің құрылысына 200 миллион теңге қарастырылды. Айтпақшы, Қарағайлы ауданындағы көппәтерлі биік үйлерге облыс бюджетінен тағы да 3,1 млрд. теңге бөлінеді.

Марат Айболов