• 20 апреля, 2024

«Әлем барысы-2018» жүлдегері Айбек Нұғымаровпен кездесу

Дек 11, 2018

Семейліктер таң ертемен теміржол вокзалында «Әлем барысы-2018» белдесуінің екі дүркін жүлдегері Айбек Нұғымаровты қарсы алған еді. Еліне келген жеңімпазды әр жерде қонаққа, кездесулерге де шақырып жатыр. Семей қаласының Офицерлер үйінде Айбек Нұғымаровты «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының орынбасары, штаб бастығы Куанышбек Уштаев құттықтады:

— Айбекті шақырып, алдарыңызға бір көрсетіп, алдарыңызда бір марапаттасақ,сый-сыяпатымызды көрсетсек деп отырмыз. Айбек Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Төрт дүркін Азия чемпионы, «Әлем барысы» чемпионатының алғашқы жеңімпазы. Біз үшін Айбек Нұғымаров үлкен мақтаныш. Біз халқы оны мақтан етеміз. Елге үлгі болатын осындай спортшыларымыздың қатары арта берсін! Ел намысын көтеріп, Айбектің жолын жалғап жүрген басқа да бауырларымызға табыстар тілейміз.

— Құрметті әскери қызметкерлері, сіздерге үлкен рахмет! Бүгін осындай шараға шақырғандарыңызға рахмет! Әлі де күресті жалғастыра берсем деген ойым бар. Әр мамандықтың өзінің жемісі, жеңісі болады. Қазақ елін сыртқы жаудан қорғайтын Қабанбай батырларымыз сіздерсіздер. Біз сіздерге сенеміз. Бізге де сенетін адамдар бар шығар. Біз енді спорт саласында ел туын жоғары ұстауға тырысамыз. Мен тек қана жақсылық тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болуы үшін сіздер еңбек етіп жатырсыздар, үлкен рахмет! — деді Айбек Нұғымаров.

Айбектің айтуынша, «Әлем барысы» өз алдына, оған дейін іріктеу сайысы ретінде өтетін, мықтыларды анықтайтын «Қазақстан барысы» осымен 8-інші рет өтіпті. Еліміз бойынша 37 балуан қатысса, оның 8-і біздің семейліктер болғаны қуанышты. Семейліктер 8 жыл бойы екі алтын, екі күміс, төрт қола жүлдеге ие болып отыр, бұл үлкен жетістік.

— «Әлем барысына» екі рет жеңімпаз атансам, «Қазақстан барысына» осымен 8-інші рет қатысып отырмыз, — деді даңқты балуан Айбек Нұғымаров, — 8 жылдың ішінде мен тиісінше жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Қала басшысы Ермак Сәлімовке және «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Қашағановқа осындай қолдаулары үшін үлкен рахмет! Жылдан жылға «Барыстың» беделі артып келеді. Жастардың да қызығушылығы айқын. Барлығыңызға ерекше табыстар тілеймін.

Марат Айболов